Santo компаниясы үшінші gmp сертификатына ие болды

Қазақстан фармацевтикалық нарығының көшбасшысы «Химфарм» АҚ (Santo member of polpharma group Cауда белгісі (KASE: CHFM) инфузияларды өндіру үшін халықаралық GMP сертификатын алды. Осыған орай Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрағасы Назарбек Бейсен пакеттерде және бөтелкелерде шығарылатын инфузиялық препараттарды өндіру үшін берілетін GMP сертификатын SANTO компаниясының бас директоры Ижи Урбанецке табыс етті. Бұл аталмыш компанияның өз өнімдеріне алған үшінші халықаралық сертификаты. Осы жаңа сертификатқа сәйкес SANTO компания­сы күрделі, инновациялық өндірісті іске қосып отыр. Зауытта Оңтүстік Корея мен Швейцариядан әкелінген жабдықпен қамтылған жоғары технологиялық екі желі жұмыс жасауда.

Алдымен оқырмандарға тү­сінікті болу үшін GMP-ге (Good­ManufacturingPractice) сипаттама бере кетейік. GMP, яғни тиісті өндірістік тәжірибе – дәрілік препараттардың өндіріс сапасын қамтамасыз етуге ар­нал­­ған шаралар мен ережелер жү­йе­сі. GMP ережелері сапаны бас­қару жүйесіне, қызметкерлер құрамына, бөлме-жайлар мен жабдыққа, құжаттамаға арнайы талаптар белгілейді. Бұл ережелер жобалауға, құрылысты жүргізуге, инженерлік, технологиялық, кадрлық салаларға қатысты қабыл­данатын нақты шешімдерді бі­ре­гей түрде үйлестіре отырып, жалпы ережелер мен қағидаларға, әлемдік тәжірибеге сүйенетін сапаны қам­тамасыз ету жүйесін құруды талап етеді. GMP жүйесіне сәйкес дәрілік заттардың сапаға сәйкес келетіндігі барлық кезеңдерде, яғни дәріні фармацевтикада дайын­дау және оның эквиваленттігін бағалау, оны технологиялық ап­ро­­бациялау және өнеркәсіпте өндіру кезеңдерінде расталып, бұл дәрінің бүкіл өмірлік кезеңінде бағалауға алынып, жетілдіріліп отыратындығын білдіреді. GMP жүйесіне сәйкес дәрілік заттың сапасын қамтамасыз етудің негізінде дәл осы тұжырымдама жатыр. Сертификатты алу фар­мацевтикалық компанияның дәрілік заттарды өндірумен байланысты әлемдік стандарттарды сақтай отырып, өнімнің жоғары сапада шығарғанын айғақтайтын жоғары көрсеткіш болып табылады. Сонымен қатар, GMP сертификаты компанияның бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, атап айтқанда, өнімнің бәсекеге қабілеттілігі мен инвестициялық тартымдылығы жоғарылап, ең бастысы, бұл дәрі-дәрмектерді шетелдік нарықтарға шығаруға мүмкіндік береді.

Ал инфузия дегеніміз – көк­тамыр мен күретамырға құйы­латын ерітінділер, олар қазіргі заманғы медицинада кеңінен қолданылады. Оған плазма ауыс­тырушы заттар, парентералдық қоректендіруге арналған ерітін­ділер, микроб пен қышыма қотырға қарсы заттар жатады.

SANTO компаниясы – Қа­зақ­станның әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына өзінің орасан зор үлесін қосып отырған отан­дық фармацевтикалық на­рық­­тың көшбасшысы, – деді SANTO компаниясының бас директоры Ижи Урбанец мырза. – Біз жоғары сапалы әрі қол­жетімді дәрілік препараттарды өндіреміз, бұл қазақстандық науқастардың көпшілігіне біздің дәрі-дәрмектерімізге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, мемлекеттің денсаулық сақтау саласына жұм­­сап отырған шығындарын айтарлықтай төмендетуге септігін тигізеді. GMP сертификаты біздің компанияның дәрілік заттарының тиісті өндірістік тәжірибенің бүкіл талаптарына жауап беретінін растап отыр. Инфузиялық препараттар өндірісі бұл күрделі жоғары технологиялық үрдіс. Осы сертификатқа қол жеткізіп отыр­ғанымызды мен мақтан тұтамын.

Компания жайлы айта кететін болсақ, қолжетімді, жоғары сапалы дәрі-дәрмектерді әзірлеп өндірумен қатар, Қазақстан мен Орталық Азия нарықтарына жет­кізеді. Компанияның өндіріс­тік қуаты жыл сайын 1 миллиард таблетканы, капсула мен түйіршікті, 300 млн. ампуланы және антибиотик салынған 26 млн. құтышаны, 6 млн. инфузия пакетін шығаруға мүмкіндік береді. Компания қоржынында терапияның түрлі саласындағы ауруларды емдеуге арналған 12 фармацевтикалық топқа жататын генериктік және түпнұсқалық 200-ден аса дәрі-дәрмек бар. SANTO компаниясы – еліміздің барлық өңірлерінде 1100-ден астам адамды еңбекпен қамтамасыз етіп отырған жауап­кершілігі жоғары жұмыс беруші. Компания өз өнімдерін Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Түркі­менстан секілді бес елдің нарық­тарына экспорттайды.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».
http://egemen.kz/2015/12/12/11180

Бұл қызықты болуы мүмкін