Цифрландыру Қазақстанның фарм-индустриясына қалай әсер етті

PolPharma Group Тобының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Фабрицио Франчезио фармацевтикалық өндірістегі цифрландыру және инновациялар туралы айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

- Компанияның басым бағыттары мен мақсаттары туралы айтып беріңізші?

- Қазақстанда PolPharma Group Тобы атынан SANTO Member of Polpharma Group компаниясы қызмет етеді. Мақсатымыз – адамдардың дені сау болып, салауатты қоршаған ортада өмір сүруіне көмектесу. Біз тиімді, қауіпсіз және сапалы дәрі-дәрмек өндіреміз.

Оған қоса дәрігерлермен, фармацевтермен және провизорлармен, сондай-ақ өзге де фармацевтикалық компаниялармен, әлбетте пациенттермен байланысты жолға қоя отырып, олардың арасындағы делдалдық қызметті атқарамыз деуге болады, осылайша экожүйенің бір бөлігін құраймыз.

- Компанияңыздың жұмысы қандай инновациялық тенденцияларға негізделген?

- Қазіргі таңда жасанды интеллект пен машиналық оқыту жүйесі ел аузында. Ал мен үшін технологияларды пациенттерімізге немесе дәрігерлерге шынайы пайдасын тигізе алатындай етіп қолдану – басты мәселе.

Мәселен, жасанды интеллектті өндірістік желілерде пайдалануға болады, бұл өндіріс бағасының арзан болуына және қалдықтар көлемін азайту есебінен анағұрлым қолжетімді бағадағы дәрі-дәрмек шығаруға мүмкіндік береді. Бұл, сондай-ақ экологиялық залалды да азайтуға септігін тигізеді.

Мұнымен қоса жасанды интеллектті пациенттерге ақпаратты дұрысырақ жеткізу мақсатында да пайдалануға болады. Біз көптеген зерттеу жүргізіп, нәтижесінде белгілі бір диагноз қойылған адамдардың 50 пайызы дәрі-дәрмек іше бастайтынын, ал бірнеше айдан соң ол өзіне керек емес деген оймен дәрі ішпей қоятынын көріп отырмыз. Бұл аурудың асқынып, мұның соңы ем-домға қыруар ақша қажет болатын жағдайларға әкелуі мүмкін. Одан бөлек пациенттердің өмір сүру сапасы да төмендей түседі.

Пациенттерге толық ақпарат алу мүмкіндігін ұсыну керек, ақпаратты дұрыс, жай адам түсіне қоймайтын медициналық терминдерсіз жеткізу керек.

- Жұмысқа қандай технологиялар енгізіп жатырсыздар?

- Технологиялардың барлық түрімен белсенді жұмыс жасап жатырмыз, бүгінде олардың саны да өте көп қой. Технологиялық тұрғыдан агностикпіз деп айтар едім. Бұл дегеніңіз, біз түрлі технологияларды қарастырып, содан соң барып олардың қайсысы пациенттер мен науқастарға көбірек пайда әкелетінін шешеміз. Жұмысым қызық, себебі түрлі технологиямен жұмыс істеймін, оны зерттеп, бағалаймын. Десе де, оның да өзіндік қиындығы бар.

- Компания қандай зерттеулер жасайды?

- Мен үшін шынайы пациенттермен жұмыс жасау маңызды. Біз этнографиялық деп аталатын зерттеулер жүргіземіз. Мәселен, былтыр пациенттерімізге қандай қолдау көрсету керектігін түсіну үшін олардың біздің дәрілерді қалай қабылдайтынын анықтау мақсатында ірі зерттеу жұмысын бастадық.

Пациенттердің бірімен әңгімелесу кезінде оның отбасы мүшелерінің барлығы жүрек ауруымен ауыратынын білдім. Олар біздің препаратымыздың бірін қабылдапты және маған: «Мен компанияларыңыз өндірген дәрілерді ішемін, себебі әкем солардың арқасында әлі тірі», - деп айтты.

- Өзге компаниялармен ынтымақтастық жасайсыздар ма?

- Технологиялар саласында серіктесіміз көп. Олар елге танымал ірі халықаралық компаниялар. Олармен қарым-қатынасымыз жақсы, компания өкілдері бізге өздері жасап шығарған технологияларын ұсынып, қайсысын қалай қолдана аласыздар деген сұрақты жиі қояды. Ал біз шын мәнінде оларды қалай кәдеге жарата алатынымызды ойланамыз.

Сонымен бірге егер зауыттарымыздағы қызметкерлердің бірінде өзі шеше алмайтын проблема туындаса, ол екінші зауыттың операторын шақырып, көмек сұрай алады. Цифрлық құралдардың көмегімен қызметкерлеріміздің мүмкіндіктер аясын кеңейтуге тырысып жатырмыз.

Мен компаниямызды адамға бағытталған дер едім - яғни біз әр жобамызда адамды бірінші кезекке қоямыз.

- Фармацевтикалық компанияларды дамыту концепциясы қандай?

- Дамыған фармацевтикалық компаниялар өндірісте туындайтын типтік проблемаларын өздері шешуге тырысады. Олар өндірісті анағұрлым ауқымды, қауіпсіз, жоғары сапалы әрі дұрыс етудің жолын біледі. Жақсы фармацевтикалық компаниялар ең маңыздысы пациент екенін және онымен қалай өзара әрекеттесу керек екенін біледі.

Егер пациентке қандай да бір диагноз қойылса, біз оған көмектесудің, қолдау көрсетудің жолын іздейміз. Мәселен, егер пациентте қант диабеті анықталса, онда бұл тек дәрі қабылдау қажет деген сөз ғана емес, өмір салтын өзгерту керектігін білдіреді. Демек денсаулық сақтау саласының тұтас концепциясын ұсыну керек. Сол себепті алдыңғы қатарлы фармацевтикалық компаниялар цифрландыру жолымен жүреді.

- Дәрігерлер туралы не айтуға болады?

- Дәрігерлердің уақыты өте тығыз. Сондықтан олар үшін тап қазір және қол созым жерде қажетті ақпараттың болуы – маңызды. Мәселен, егер пациент дәрі қабылдап, препаратқа қатысты қандай да бір сұрағы туындаса, ол көп күте алмайды. Сол үшін тап қазір дәрігерге не керегін, пациентке не керегін түсіну үшін екеуімен де бірге жұмыс істейміз.

Мысалы Қазақстанда ел кардиологтары отыратын Telegram-канал бар, онда кез келген сұрақ қойып, тез арада жауап алуға болады. Сайтта мұндай платформа жасау қиындау, себебі бұл үшін кері байланыс жасауға уақыт қажет болады және интернет-ресурсқа арналған арнайы техникалық мүмкіндіктер қажет болады. Біз кез келген көмекті көрсетуге дайын дәрігерлермен серіктестікті орнатамыз.

- D дәруменінің жеткіліктілігі туралы зерттеулер жасадыңыздар ма?

- Сіздер өте жақсы аймақта өмір сүресіздер. Мұнда күн жақсы түседі. Бірақ зерттеулерге сүйенсек, көптеген адам D дәруменінің жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр. Бұл ретте адамдар ақпараттың қолжетімді болғанын қалайды және қызығушылық танытып, денсаулығын сақтап қалу туралы ақпарат іздейді, тіпті дәрігерлердің дәрістерін онлайн тыңдауы да мүмкін. Дәл осы себептен біз D дәруменіне деген сұраныс көп екенін көріп отырмыз.

- Фармацевтика саласын жақсарту үшін қандай өзгерістер әкелуге болады деп санайсыз? - PolPharma жаңалықтар мен инновациялардан ұдайы хабардар болып, технологиялар мен креативтілікті қатар ұстануға тырысады. Сонымен бірге біздің препараттарымыз арналған адамдарға жақын болуға мүмкіндік беретін нарықпен тығыз байланыстамыз. Сол себепті мен, мәселен, Қазақстанда зерттеу жүргізіп, пациенттердің проблемасын түсіну үшін олармен әңгімелесіп, сосын бұл жайттарды компания басшылығына жеткізе аламын.

- Оқырмандарымызға не айтар едіңіз?

- Біздің ұрпақ бүгінде технологиялар ұсынып отырған мүмкіндіктер үшін алғыс айтуы керек деп санаймын. Ата-анамызда мұндай мүмкіндік болмады. Ал біздің компанияға келер болсақ, бізбен жұмыс істеу оңай – біз әрдайым проблемаларды шешуге мүдделіміз және ұдайы жаңа дарындарды іздейміз. Сондықтан бізбен жұмыс істегісі келетіндер болса, мархабат! Қызметімізге өз үлесін қосқысы келетін адамдарға қашан да қуаныштымыз!

- Сұхбат үшін рахмет!

Дереккөз: https://kaz.nur.kz/health/2025612-cifrlandyru-qazaqstannyn-farm-industriyasyna-qalai-aser-etti/

Бұл қызықты болуы мүмкін