SANTO зауытының болашағы алда

Дүниежүзілік фармацевтика саласында тәжірибелі ұйымдастырушы ретінде танылған білікті маман, тамаша басшы Ижи Урбанец Қазақстан ұлттық фармацевтика нарығының көшбасшысы болып табылатын Шымкент қаласындағы «Химфарм» акционерлік қоғамының («Химфарм» зауытының) бас директоры болып тағайындалды. Біз зауыттың жаңа басшысымен кездесіп, сұхбаттасқан едік.

– Ижи Урбанец мырза, алдымен сізді жаңа қызметіңізбен құттық­таймын. Бұл тағайындаудың сыры неде? Сондай-ақ SANTO компаниясы, яғни «Химфарм» зауытының Қа­зақстан және әлемдік нарықта көш басынан көрінуі, заман талабына сай бәсекеге қабілетті өнім өндіруі үшін осы уақытқа дейін қандай көлемде инвестиция тартылып, нақты қандай іс-шаралар жүзеге асырылды?

– Рақмет! Алдымен айтарым, бұл тағайындау SANTO компаниясының Қазақстан нарығындағы жетекші орнын нығайтуға, фармацевтика өндірісіндегі ұзақмерзімді ең ірі инвестициялық бағдарламаны да­мытуға, жұмыс орындарын ұлғайтуға және Оңтүстік Қазақстанда өндірілетін өнім экспортын ұлғайту арқылы компанияның басқа елдердегі қызмет аясын кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар біздің компания қазіргі күні Қазақстан және Орта Азия нарығы үшін жоғары сапалы және қолжетімді дәрі-дәрмектерді өндіріп, жеткізумен айналысады. «Химфарм» компаниясы жыл сайын 1 миллиард таблетка, кап­сула және түйіршікті, сондай-ақ 300 миллион ампуланы, 24 миллион антибиотик құтысын, инфузиялық ертінділердің 4 миллион орамасын өндіреді. Бұған қоса, компания медицинаның терапия саласына қажетті алуан түрлі ауруларды емдеуге арналған 12 фармацевтикалық топқа жататын 200-ден астам генериктік және түп­нұсқалық препаратты шы­ғарады. Сондай-ақ зауыт қазіргі күні Шымкент қаласында және Қазақ­станның барлық өңірлерінде тұрып жатқан 1100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Зауытқа Италия тәрізді дамыған елдерден фармацевтика саласына қажетті осы заманғы озық технологиялар жеткізіліп, қолданысқа берілді. Ал 2013 жылы фармацевтикалық өндірісті жаңғырту және GMP стандарттарын енгізу жөніндегі инвестициялық жоба шеңберінде Santo фар­мацевтикалық ком­паниясы зауытқа 40 миллион АҚШ долларынан астам қаржы құйды. Сөйтіп, зауыттың жаңа ампулалық-инфузиялық цехында кең ауқымды өндірісті іске қосудың соңғы кезеңі – жабдықтарды біліктілік пен вали­дациядан өткізу үрдісі жүзеге асырылды. Осылай қысқа мерзім ішінде қайтадан жаңартылған Шымкент «Химфарм» зауыты Қазақ­станның ұлттық химия-фармацевтика өнді­рісінде көшбасшыға айналды.

– Қазіргі уақытта SANTO ком­паниясы, оның ішінде Шымкент қа­ласындағы Химфарм зауыты әлемдік нарықта қандай фармацевтикалық компаниялармен тығыз қарым-қатынас құрып, ынтымақтастық жүргізуде? Сондай-ақ әлемдік фар­мацевтика саласында жаңашыл тұлға ретінде есіміңіз жақсы танымал сіз – Ижи мырза, Қазақстандағы бірден-бір фармацевтикалық зауыт – «Химфарм» өндірісінде қандай жаңалықтарды жүзеге асыруды көздеп отырсыз?

– Шымкент «Химфарм» зауытының Santo халықаралық сауда белгісімен өндірілетін дәрі-дәрмектері қазіргі күні Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Моңғолия секілді бес елдің нарығына экспортталады. Өткен жылы дәрі-дәрмектердің сатылым көлемі 14 миллиард теңгені құрады.
Біздің алда тұрған басты мақ­сатымыздың бірі де бірегейі, ол – «Химфарм» зауытының өнімін Еуропа нарығына шығару. Өйткені біздің компания өндіретін дәрі-дәрмектерге Еуропа елдерінде сұраныс көп. Мұның себебі, компания өнімінің ең басты ерекшелігі зауытта шығарылатын дәрі-дәрмектері мен алуан түрлі пре­параттары халықаралық стандарттарға сәйкес келетінінде жатыр және олар ең таза өнім болып саналады. Қазіргі күні мұнда отыздан астам дәрі-дәрмек түрлері шығарылса, алдағы уақытта өнім көлемін тоқсаннан асыру жоспарланып отыр. SANTO ком­па­ниясы әлемдік фармацевтика нары­ғындағы ең мықты компаниялардың бірі екені даусыз. Сондықтан мен оның Қазақстан нарығындағы және Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер аумағындағы орнын нығайту үшін бүкіл күш-жігерімді жұмсаймын.

– Менің естуіміше, сіз алғаш рет Қазақстанда бұдан он жыл бұрын болған екенсіз. Сол кездегі Қазақстан мен бүгінгі Қазақстанның эконо­микалық әлеуметтік дамуындағы сіз байқаған өзгерістер қандай?

– Мен Қазақстанға тұңғыш рет келген кезден бері тура 10 жыл уақыт өтті. Ол кезде мен американдық корпорация үшін бизнесті іске қосуға, кеңсені ашуға және қызметкерлерді іріктеуге жауап беретінмін. Енді міне, араға он жыл салып Қазақстанға қайта оралып отырғаныма аса қуаныштымын. Менің байқағаным, Қазақстан соңғы он жылда қарышты қадаммен дамыпты. Алматының жаңадан салынған үйлері мен ғимараттары қаланы айрықша көріктендіріп жіберіпті. Медеу мұзайдыны мен Шымбұлақтағы шаңғы жолы маған қатты ұнайды. Шаңғы трамплині де тамаша. Бұған қоса Қазақстанның бас қаласы Астананың да айрықша қарқынмен салынып жатқанына көз жеткіздім. Мен Қазақ елінің соңғы 10 жыл ішіндегі же­тістіктеріне қарап, өзім басқарып отырған Шымкент «Химфарм» зауыты, яғни SANTO компаниясы үшін мұнда үлкен мүмкіндіктер бар екеніне нақты көз жеткізіп отырмын. Біздің компания мамандары Шымкент «Химфарм» зауытының Қазақстан фармацевтика нарығының көш­басшысы екендігін дәлелдей отырып, талмай еңбек етуде. Бұған қоса SANTO Қазақстанның әлеуметтік-эконо­микалық дамуына да орасан зор үлес қосып келеді. Мысалы, біздің зауытта өндірілген жоғары сапалы әрі қолжетімді дәрі-дәрмектер денсаулық сақтау саласына жұм­салатын шы­ғындарды айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Бұған Polpharma тобының Қазақстан фармацевтикасын дамытуға қосқан инвестициялары нәтижесінде қол жетуде. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылы БҰҰ Бас ассам­блеясының 70-сессиясында Польша­ның басшысы Анжей Дудамен болған кездесуінде екі елдің фармацевтика саласындағы ынтымақтастығына ризашылық сезімін білдіруі бізді айрықша қуа­нышқа бөлеп, жаңа биікке құлшын­дыруда.

– Урбанец мырза, салиқалы сұх­батыңыз­ға рақмет!


Өмірдерек:
Ижи Урбанец 1959 жылы Чехияда дүниеге келген. Чехияның Остава қаласындағы Техникалық университетті тәмамдаған. Ол – Джон Мурс атындағы Ливерпуль университетінің Іскерлік әкімшілік саласындағы (MBA) магистрі. Сондай-ақ Чехияның Брно қаласындағы Техникалық уни­верситеті мен Польшаның Торунь қаласындағы М. Коперник атын­дағы университетінің арасындағы екі жақты халықаралық басқару бойынша аспирантурасын тәмамдаған. Ижи Урбанец SANTO компаниясына дейін Galena (Чех Республикасы), Ivax (АҚШ) және Teva (Израиль) секілді бірнеше халықаралық фармацевтикалық корпорацияларда қызмет ат­қарған. Сондай-ақ ол аталмыш компанияның Ресейдегі кеңсесін басқарып, Шығыс Еуропа, Балқан және Орталық Азия елдерінде компания кеңселерін ашумен айналысып, Мәскеуде бес жыл тұрған. Ол – фармацевтика әле­міндегі жаңашыл тұлға. 1999 жылы Урбанец мырза IVAX RussianOperations компаниясының Таллин, Киев, Рига, Загреб, София, Бухарес, Вильнюс, Ташкент және Ал­матыдағы өкілдіктерін кеңейткен. Ол төрт жыл ішінде компанияның пайдасын бес есеге арттырып, қызметкерлердің санын 40 адамнан 250 адамға дейін ұлғайтуға қол жеткізген. 2011 жылы Чехияда Ижи Урбанецтің бас­қаруымен АҚШ нарығы үшін 12 миллиард таблетканы өндіретін MegaPlant атты әлемдегі ең ірі зауыттардың бірі қысқа уақыт ішінде салынып, іске қосылды. Оның өндіріс саласындағы және коммерциядағы жұмыс тәжірибесі фармацевтика нарығында бірегей маңызға ие. Урбанец мырза кәсіпқойлығы мен тамаша же­тістіктері үшін 2010 жылы 200 үміткердің арасынан «Чехияның ең үздік менеджері» кубогына ие болды.

Автор: Жомарт Молдахметұлы
Источник: http://aikyn.kz/ru/articles/show/17236-santo_zauytyny_bolasha_y_alda


Бұл қызықты болуы мүмкін