ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕМОРАНДУМЫНА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Іскерлік ізденстің нәтижесінде   «SANTO» компаниясы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетімен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Мұндай ізгі шара «SANTO-ның академиялық бағдарламасы» деп аталатын білім беру жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Салтанатты іс-шараға келген қонақтар мен оған қатысушылардың алдында университет ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Талғат Нұрғожин мен SANTO компаниясының бас директоры Ижи Урбанец құттықтау сөз сөйледі.

Меморандумның талаптарына сәйкес екі тарап арнайы білім беру бағдарламасын бірлесіп дайындамақ. Бұған қоса, SANTO компаниясы осы университетте білім алып жатқан студенттерге қажетті тағлымдамаларды ұйымдастыруды, тәжірибелік семинарлар мен конференцияларды, ғылыми зерттеулер өткізуді жоспарлап отыр. Өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумның аясында студенттік ғылыми-тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін халықаралық журналдарда жариялау, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру және де қазіргі заманғы медицинадағы өзекті мәселелерді шешу үшін өзара күш біріктіру көзделген.

- Қазақстанның жетекші медициналық университеттерінің бірі бүгін біздің компанияның серіктесігіне айналып отырғанына аса қуаныштымыз. Сондай-ақ, университеттің баскетбол және волейбол командаларына арнап спорт киімдерін, спорт жабдығын сатып алуға көмектестік. Меморандумға қол қою– біз үшін айтулы оқиға. Өйткені биыл SANTO-ның академиялық бағдарламасына бес жыл толып отыр. Осы кезеңде біз Астана медициналық университетімен, Назарбаев университетімен, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясымен, Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебімен, Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығымен, Оңтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасымен жемісті ынтымақтастық орнаттық. Студенттер мен мамандар Қазақстандағы және Польшадағы өндіріс орындарын, ғылыми-техникалық әрі медициналық зерттеу жүргізетін зертханаларды көріп қайтуға мүмкіндік алады. Ең бастысы, болашағы мол ғылыми жұмыстар үшін арнайы гранттар берілетін болады, ­- деп атап көрсетті SANTO компаниясының басшысы.

Салтанатты рәсімде сөз алған Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин өзі басқаратын оқу орнының оқытушылары мен студенттері атынан SANTO компаниясының ұжымына зор алғыс айтты.

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

(Суретті түсірген автор)

Толығырақ: https://aikyn.kz/2018/05/17/52938.html

Бұл қызықты болуы мүмкін