Шымкенттегі «SANTO» дәрі-дәрмек зауытына — 135 жыл

Журналист күнінің қарсаңында SANTO компаниясы аймақтық журналистерге арнап Шымкент қаласындағы SANTO компаниясының дәрі-дәрмектерді өндіретін зауытына көпкомпонентті баспасөз сапарын ұйымдастырды.



Баспасөз сапары аясында компанияның зауытына экскурсия жасалып, Шымкентке бүкіл Қазақстан өңірлерінен келген журналистерге зауыттың GMP халықаралық сапа стандартына сәйкес салынған жаңа өндірістік цехтері таныстырылды. Журналистерді қарсы алған зауыт директоры Рустам Байғарин компанияның инвестициялық жобасы және зауытты жаңғырту жөнінде айтып беріп, өз сөзінде компанияның зарарсыздандырылған дәрі үлгілерін (ампулалар мен инфузияларды) өндіретін алғашқы цехі 2013 жылдың аяғында іске қосылғанын атап өтті. Ал цехтің антибиотик ұнтақтарын асептикалық жолмен бөліп салатын желісі 2016 жылдың мамырында пайдалануға беріліп, сол жылдың қыркүйегінде екінші желісі іске қосылды.

«SANTO компаниясы Қазақстан Республикасындағы ең ірі фармацевтикалық өндірісші болып табылады. 2011 жылдан бастап компания жалпы сомасы 100 млн. АҚШ долларынан асатын еліміздегі ең ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Аталмыш инвестициялық жоба аясында екі цех іске қосылды: біріншісі – инъекциялық және инфузиялық сұйық дәрі үлгілерін өндіретін цех, екіншісі — антибиотик ұнтақтарын асептикалық жолмен бөліп салатын цех. Компанияның GMP стандартына сәйкес 4 сертификаты бар және де тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде дәрі-дәрмек жеткізетін ең ірі жеткізуші болып табылады. SANTO — Қазақстан Республикасы халқын сапалы, қауіпсіз әрі қолжетімді прерпараттармен қамтамасыз ету ісінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сенімді серіктесі», — деп атап өтті SANTO компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы Елена Арышева.



Сондай-ақ, баспасөз сапарына қатысушылар SANTO компаниясының фармацевтикалық бақылау жөніндегі директоры Ярославна Будачтан фармацевтикалық бақылау жүйесі қалай жұмыс жасайтындығы жөнінде ақпарат алып, компанияның сапа жөніндегі директоры Лариса Бочкуновамен бірге GMP тиісті өндірістік тәжірибесі аясындағы халықаралық сапа стандарттарымен қысқаша танысып өтті.



Сондай-ақ, баспасөз сапары аясында тағы да бір іс-шара – «Саламатты журналист» медиа клубының отырысы ұйымдастырылды. Дәрігерлер мен журналистерге бейресми ортада қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін осындай алаңды ұйымдастыру идеясын SANTO компаниясы көтерген болатын. Енді Шымкентте клубтың екінші отырысы өткізілді. Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ, көптеген елдерде өлім-жітімнің басты себебі болып отырған жүрек-қантамыр жүйесіндегі ауруларды алдын алу және емдеу, бас ауруын диагностикалау және көмек көрсету, антибиотиктерді дұрыс қолдану мәселелері әңгімеге арқау болды. Клубқа қатысушылар Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік фармацевтикалық академиясы неврология, психиатрия және психология кафедрасының меңгерушісі, профессор Досжанова Гүлсім Әбдірахманқызының баяндамасы арқылы неврологиялық аурулардың белгілері, симптомдары, оларды емдеу және диагностикалау жолдары жөнінде ақпарат алды. Ал жиналғандарға «өз жүрегіңді тыңда» деп үндеу салған облыстық кардиологиялық орталық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Пернебаева Әлия Қалшыбайқызы жүректе пайда болатын дерттер жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Кездесу антибиотиктердің пайдасына және оларды дұрыс қолдану қажеттілігіне арналған тақырыппен аяқталып, бұл мәселе жөнінде Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік фармацевтикалық академиясы Жұқпалы аурулар кафедрасының доценті Бердалиева Фарида Абдуллақызы ой бөлісті.



«Саламатты журналист» клубына қатысқан журналистердің барлығы холестерин деңгейін, қан қысымын анықтайтын бірқатар медициналық тестерден өтіп, бас ауруына қатысты скринингтен өтті.



SANTO компаниясы туралы:

«SANTO» зауытының негізі Шымкент қаласында 1882 жылы құрылған. Айта кетейік, дәрі-дәрмек зауытына биыл 135 жыл толып отыр. Santo Member of Polpharma Group – «Химфарм» АҚ (KASE: CHFM) сауда белгісі. Компания қолжетімді, жоғары сапалы дәрі-дәрмектерді әзірлеп өндіреді және Қазақстан мен Орта Азия нарықтарына жеткізеді. Компанияның өндірістік қуаттылықтары жыл сайын 1,2 миллиард таблетканы, капсула мен түйіршікті, 300 миллион ампуланы және 40 миллион антибиотик құтысын, 6 миллион инфузия пакеті мен құтысын шығаруға мүмкіндік береді. Компания Қазақстанның фармацевтика нарығындағы көшбасшы болып табылады, оның қоржынында терапияның түрлі салаларындағы ауруларды емдеуге арналған 12 фармацевтикалық топқа жататын генериктік және түпнұсқалық 200-ден аса дәрі-дәрмек бар. SANTO – Шымкентте және Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде 1000-нан аса адамды еңбекпен қамтамасыз етіп отырған жауапкершілігі жоғары жұмыс беруші. Компания өз өнімдерін Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Түркіменстан секілді бес елдің нарықтарына экспорттайды.

Бақытгүл БУРБАЕВА
Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ


























Бұл қызықты болуы мүмкін